Көшпенділер ойыны: 41 елден 114 спортшы тоғызқұмалақтан жүлдені сарапқа салады

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 11 қыркүйек

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тоғызқұмалақ бәсекесі Астана қаласындағы «Думан» қонақ үйінде басталды деп жазды ҚазАқпарат.

Тоғызқұмалақ ойынынан бас төреші Бауыржан Төлегеновтың айтуынша, әлемнің 41 елінен келген 114 спортшы жүлдеге таласып жатыр.

– Ойын шартына сәйкес, әр елден 2 ер және 2 әйел спортшы қатысуға болады. Жалпы, 41 елден 114 спортшы (65 ер және 49 әйел) бақ сынап жатыр. Спортшылар жекелей сында жүлдеге таласып, оның қортындысы бойынша командалық жүлдегерлер анықталады,- деп атап өтті бас төреші.

Бекітілген ережеге сай, бәсекеге 14-75 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады.

– Әзербайжан, Чехия және Түркиядан келген 14 жасар қатысушылар бар. Сондай-ақ, зейнетке шыққан егде жастағы қатысушыларымыз да көп,- дейді Бауыржан Төлегенов.

Тоғызқұмалақ ойынының финалдық бәсекесі 11 қыркүйекте өтеді.

Ал жүлдегерлерді марапаттау шарасы 12 қыркүйек күні этноауылда болады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото