- Барлық ақпарат
Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты ашылды
«Астана Арена» стадионында V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. Алдымен үлкен экранда «Қош келдіңіздер!» деген сөз шықты деп хабарлады ҚазАқпарат.
Айтулы шараның мәртебелі қонақтары қатарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның III Президенті Намбарын Энхбаяр бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына 20 мың көрермен жиналған.
Алдағы екі сағат бойы 3 мың өнерпаз өнер көрсетеді. Қатысушылар арасында Қазақстанның түрлі өңірінен мәдениет саласының өкілдері, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекемелердің әртістері бар.
Қазақстанда дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалу және өткізу мақсатында ҚР Премьер-Министрі орынбасарының төрағалығымен арнайы комитет құрылды. Бүгін басталған дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты 6 нысанда өтеді.
people.cn © People's Daily Online