- Барлық ақпарат
Бейжіңде Абай оқулары өтті
9 тамыз, онлайн «Халық Газеті» -- Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың құрметіне ұйымдастырған «Абай оқулары» іс-шарасы 9 тамыз күні Бейжіңде өтті.
Жиналысқа Қытай мен Қазақстан үкіметінің лауазымды тұлғалары, Қытайдағы шетел елшілері, Абай шығармаларын аударып, таратушы мамандар, Қытай-Қазақ мәдениетіне қызығушылық танытушылар, екі елдің БАҚ өкілдерінен жүзден аса адам қатысты.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышев Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын жиналған жұртшылыққа таныстырып, екі ел арасындағы баянды қарым-қатынасқа тоқталды. Елші сөз соңында Абайдың тәрбиелік сипаты жоғары өлеңін оқыды.
Қытай тарабы өкілі Абай Құнанбаев Қазақстанның ұлы ақыны, ойшылы және қоғам қайраткері ғана емес, ол әлемдік мәдени тұлға екенін айтып, екі ел арасындағы рухани дәнекерлік болмысын дәйектеді. Қытай мен Қазақстан тату көрші, адал дос, жақсы серіктес, жақын ағайын екенін баса айтып, екі ел көшбасшыларының басшылығында Қытай-Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың болашағы нұрлы бола беретініне сенім білдірді.
Абай шығармаларын Қытай тілінде сөйлеткен Әкбар Мәжитұлы онлайн сөз сөйлеп, іс-шараның табысты ашылуына ізгі тілегін жолдады.
Іс-шара соңында танымал әншілер Абай әндерін қытай және қазақ тілдерінде тамылжыта шырқап, екі елдің балдырғандары бал тілдерімен Абай өлеңдерін оқып, қазақтың күмбірлі күйлерін тартып, мәдени шараның мерейін асырды.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысына сәйкес 2020 жылдан бастап 10 тамыз ресми түрде заңды мереке - «Абай күні» болып белгіленген.
people.cn © People's Daily Online