Ордос сахарасындағы «Күзгі шопан жыры»

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 18 қазан
Ордос сахарасындағы «Күзгі шопан жыры»

18 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- Алтын күзде Ордос жайлауы сары түске боялады. Шопан Доржы мотоциклімен жылқыларын қайырып, күнделікті қарбалас тірлігін бастап кетті. Жылқыларды суарып, қойларды бағу - осы маусымның дағдылы жұмысы.

Доржы Ішкі Моңғұл Автономиялы регионы Ордос қаласына қарасты ауылда тұрады. Биыл 61 жастағы Доржының төрт түлігі сай. Оның ішінде экономикалық табыс әкелетін 200-ден астам түбітті альбас ешкілері бар.

Шопан малдан қолы босай қалғанда музыкамен шұғылданады. Күзгі қарбаластан басқа кезде Доржы мен әкесі Мин Аньбао «Най Ри» атты жергілікті көркемөнер іс-шараларына қатысады. «Най Ри» «бас қосу, ойын-сауық, мереке» деген мағынаны білдіреді. Бұл - Юань әулеті кезінде пайда болған, музыкалық аспаптардың көмегімен ән айтып, би билеуді негіз ететін кешенді халық орындаушылық өнері. «Най Ри» Ішкі Моңғұл автономиялық регионының материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Доржының әкесі Мин Аньбао 91 жаста. Қария бұрын жергілікті ауыл дәрігері және қалалық денсаулық сақтау емханасының меңгерушісі болған. 2018 жылы Мин Аньбао «Най Ри» қарттар тобын ұйымдастырды. Олар үнемі жаттығулар жасап, әртүрлі спектакльдерге қатысады. «Най Ри» өздерінің өнерімен малшылық аумақтағы қарттардың рухани және мәдени өмірін байытады. Мин Аньбао: «Топ құрылғаннан бері біз уақыт болған кезде бірге жаттығамыз. Бұл маджонг ойнаудан әлдеқайда қызықты. Мен бұрын дәрігер болып, адамдардың ағзасын емдейтін едім. Ал қазір өнер мәдениетімен халықтың рухани өмірін емдеп жүрмін», - дейді.

Егін жинау маусымы кезінде Доржының отбасы достарын үйіне шақырып, дәмді тағамдар жеп, тамылжыған музыка үнімен бірге күзгі мол өнімнің қуанышын тойлайды. Ордос жайлауындағы малшылар күздің берекелі сәтін ән айтып, би билеумен атап, қоңыр күзде сахарадан шопан әнін шалқытады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото