Алтай өңіріндегі археологиялық зерттеулерді Қытай, Ресей, Моңғолия және Қазақстан ғалымдары бірлесе жүргізеді

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 10 шілде

10 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- 9 шілдеде Жібек жолы археологиялық ынтымақтастық зерттеу орталығынан алынған ақпаратқа сәйкес, Жібек жолы археологиялық ынтымақтастық зерттеу орталығының Алтай бөлімшесі (Қытай-Ресей Ұлы Алтай археологиялық зерттеу орталығы) жергілікті уақытпен 8 шілдеде Ресейдің Алтай мемлекеттік университетінде ашылып, іске қосылды.

Бөлімше Алтай тауы мен оның аумақтарындағы трансшекаралық археологиялық зерттеулерге назар аударып, Қытай, Ресей, Моңғолия және Қазақстан арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық зерттеу механизмін құрады. Негізгі зерттеу ауқымы ежелгі көшпелі өркениеттің шығуы мен дамуы, далалық Жібек жолындағы мәдени алмасуларды қамтиды.

Орталық төрт елдің археологиялық деректері мен тарихи құжаттарын ашық пайдалануды ілгерілетіп, қашықтықтан зерттеу археологиясы секілді заманауи технологиялық әдістерді қолданып, мәдени мұраны зерттеудің дәстүрлі үлгілерін жаңартуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, трансшекаралық кадрлар бірлесе даярланып, жас ғалымдардың өзара сапарлары мен тағылымдамалары тұрақты жүргізілмек. Трансшекаралық, пәнаралық және мәдениетаралық терең ынтымақтастық арқылы халықаралық көзқарасы мен мәдениетаралық зерттеу қабілеті бар жас археолог-мамандар даярланып, Еуразия далалық археологиясының жаңа зерттеу үлгісі қалыптастырылады.

Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Бочаров Сергей Николаевич бөлімшенің құрылымы мен жұмысын қамтамасыз ету үшін университет ресурстарын біріктіріп, екі тарап арасындағы ынтымақтастықтан мол нәтиже күтетінін білдірді.

Жібек жолы археологиялық ынтымақтастық зерттеу орталығының бас ғалымы, профессор Ван Цзяньсиньның айтуынша, Алтай тауы аймағы Еуразия далалық өркениеті тоғысатын негізгі аймақ. Сондай-ақ ежелгі көшпелі мәдениетті, шығыс пен батыс мәдени алмасуын және Жібек жолының қалыптасуы мен дамуын зерттеудегі маңызды өңір болып табылады. Бөлімше аймақтағы ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, мәдени дамуы мен өркениеттің өзара әрекеттестігін жүйелі түрде ашуға маңызды қолдау көрсетеді.

Іс-шара барысында бөлімше бірнеше басқосулар өткізеді. Олар: қытай, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Мал шаруашылығынан көшпелілікке: Алтай қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің археологиялық мәдениеті» атты археологиялық суретті альбомның тұсаукесері, Алтай-Тянь-Шань аймағы (Қытай-Ресей-Моңғолия-Қазақстан) археологиялық зерттеулеріне арналған арнайы семинар, биылғы жылғы Қытай-Ресей бірлескен археологиялық барлау мен қазба жұмыстарын бастау, Алтай аймағындағы ірі қорымдар мен жартас суреттері ескерткіштерін далалық зерттеу сияқты шаралар.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото