- Барлық ақпарат
Испаниядағы өрт: 115 мың гектар аумақ отқа оранды
Испаниядағы орман өртінен 115 мың гектардан астам жер өртеніп, мыңдаған адам эвакуацияланды, бірнеше адам қаза тапты деп жазды KAZINFORM.
Ең көп зардап шеккен аймақ елдің солтүстік-батысындағы Кастилия мен Леон автономиялық аймағы. Замора, Леон, Саламанка және Авила қалаларында 28 белсенді өрт ошағы тіркелді. Галисияда 14 өрт жалғасып жатыр, Оуренсе провинциясында 58 мың гектардан астам аумақ өртенді.
Астурия мен Экстремадурада да өрт өршіп тұр. Ал Джарилладағы өрт ерекше қауіпті, онда 11 мың гектар жер өртенді, тағы жеті өрт ошағы өршіп тұр.
Премьер-министр Педро Санчес осы жексенбіде Оуренсе мен Леондағы орман өрттерінен зардап шеккен аймақтарға барды, онда ол төтенше жағдайлар және үйлестіру бөлімшелерінің басшыларымен де кездесті.
Өрт Мадрид пен Галисия арасындағы жоғары жылдамдықты жолды кесіп тастады. Құрбан болғандар бар: Леондағы орман өрті кезінде өрт сөндіру машинасы аударылып, бір адам қаза тауып, бір адам жарақат алды.
Испания үкіметінің басшысы өртті климаттың өзгеруімен байланыстырады.
— Климаттық төтенше жағдайдың салдары барған сайын ауырлап, өртті жеделдетіп, отандастарымыздың өміріне көбірек әсер етіп жатқаны туралы ғылыми дәлелдер бар, — деді ол.
Сондай-ақ, ол өрт қоюшыларға қатаң жаза қолданылатынына уәде берді. Өрт қоюға қатысы бар күдіктілер қазірдің өзінде қамауға алынды.
Испания сонымен қатар Словакия, Франция, Италия және Германия билігіне көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді.
people.cn © People's Daily Online