- Барлық ақпарат
Жарты жылда Өзбекстан Қазақстаннан 1,5 млрд доллардың тауарын импорттады
Жарты жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-маусым аралығында олардың сыртқы сауда айналымы 37 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,1%-ға өсті. Бүгінгі таңда Өзбекстан әлемнің 194 елімен сауда-саттық жасайды.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 6,5 млрд доллардан (жалпы көлемнің 17,7%) асты.
Ал сауда-саттықтың 16,3% Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 6 млрд доллардан асады.
Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан (6%) артық. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 296 млн долларға көп.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 676,4 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,5 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.
people.cn © People's Daily Online