- Барлық ақпарат
Жапонияның оңтүстік-батысында 34 күнде 2 209 жер сілкінісі тіркелді
Жапонияның оңтүстік-батысындағы Токара архипелагында соңғы 34 күн ішінде әртүрлі магнитудалы 2 209 жер сілкінісі болды, деп жазады Kazinform.
Жапония Метеорология агенттігінің (JMA) мәліметінше, Кагосима префектурасына қарасты бұл архипелагта бір айдан астам уақыт бойы сейсмикалық белсенділік тоқтамай тұр.
2024 жылғы 21 маусым мен 24 шілде аралығында аралдар маңында магнитудасы 1-ден 6-ға дейінгі сілкіністер болды.
Аталған жер сілкіністерінен қаза тапқандар, жарақат алғандар немесе зардаптар туралы ақпарат тіркелмеген.
JMA мәлімдемесінде аймақтағы күшті тайфундарға байланысты жердің босап, көшкін қаупі артуы мүмкін екені айтылып, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды.
Сейсмикалық белсенділік бәсеңдеп келеді NHK мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, JMA өкілі Киёмото Синчи сейсмикалық белсенділіктің бәсеңдей бастағанын, бірақ жер қыртысының қозғалысы жалғасып жатқанын мәлімдеген.
— Жер сілкіністері кенеттен күшеюі мүмкін, сондықтан алдағы жағдайға болжам жасауға әлі ерте,- деді ол.
2023 жылдың қыркүйегінде Токара архипелагында 346 жер сілкінісі, ал 2021 жылдың желтоқсанында 308 сілкініс тіркелген болатын. Аумағы 100 шаршы шақырымды құрайтын Токара архипелагы 7 негізгі аралдан тұрады. Маусым айындағы мәліметке сәйкес, онда 379 үйде шамамен 670 адам тұрады.
people.cn © People's Daily Online