Қытайлық шөлейттенуге қарсы күрестің еңбек ері мен американдық көмек беруші 26 жылдан кейін қайта қауышты

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 26 мамыр

26 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- Араға табаны күректей 26 жыл салып, Қытайлық шөлейттенуге қарсы күрестің еңбек ері Инь Юйчжэнь Ішкі Моңғұлдың Му Ус шөлінде зейнеткер американдық мұғалім Рональд Сакольскиймен қайта қауышатын болды. Жақында 10 миллионнан астам қаралым жинаған адам іздейтін бейнежазба Инь Юйчжэньге американдық досын небәрі 48 сағат ішінде табуға көмектесті. Бұл АҚШ-тық зейнеткер мұғалім бірнеше жыл бұрын шөлді көгалдандыру жұмысын қолдау үшін 5000 доллар қайырымдылық жасаған болатын.

Му Ус құмды шөлі бір кездері «Өлім теңізі» деген атпен танымал болған. 1985 жылдан бастап Инь Юйчжэнь мен оның күйеуі 41 жыл бойы талмай еңбек етіп, шөл далаға 70 000 му-дан (шамамен 4600 гектар) асатын көгал отырғызып, шөл даланы гүлдендіру үшін аянбай тер төгіп келеді.

Бүгінде жергіліктің өсімдіктер жамылғысымен көмкерілуі 80%-дан асады, ал көшпелі құмдар 93%-ға азайды. Аймақ қу медиен шөл даладан орман мен атыздықтар араласқан жасыл алқапқа айналып, тіпті шөл шиесін өсіру сияқты «жасыл өнеркәсіптің» дамуына ықпал етті.

1999 жылы Қытайда мұғалім болып жүрген Сакольский теледидардан Инь Юйчжэньнің өте күрделі экологиялық ортада ағаш отырғызып жүргені туралы репортажды көргеннен кейін қатты әсерленеді. Ол үш ай бойы халықаралық ақша аудару жолдарын зерттеп, Инь Юйчжэньге 5000 доллар жіберіп, ағаш көшеттер сатып алуына көмектеседі.

Инь Юйчжэнь өткенді еске алып «2000 жылы Сакольский өзі келіп көргенде, мен шөл далада ағаш отырғызып жүргенмін. Ол ұшы- қиырсыз сары құмды далаға қарап, мүмкін емес... деп басын шайқап кетіп еді»-, дейді.

Жақында БАҚ пен желі қолданушылардың арқасында Инь Юйчжэнь өзінің қамқоршысын табу үшін адам іздеу туралы бейне жолдайды. Көп өтпей Питтсбургте тұратын көне танысы Сакольскийді тауып алды. Екеуі бейне қоңырау арқылы «онлайн кездесіп», Сакольскийді Му Ус шөліне келіп, сыңсыған орманды өз көзімен көруге ұсыныс етті.

Ұялы телефонынан жиырма жылдан астам уақытқа созылған «шөл кереметін» көрген Сакольский таңғалғанын жасыра алмай «Тамаша! бұл ағаштар осылай жайқалып өседі деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген» деп таңырқады. Ол өзінің Ішкі Моңғұлдың шөліне келуге ниетін білдірді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото