Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы сауда көлемі кеңейіп келеді

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 18 маусым

18 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Қытай Бас Кеден басқармасының 15 маусымда жариялаған мәліметтері бойынша еліміздің Орталық Азияның бес еліне импорты мен экспорты 2013 жылы 312 миллиард 400 миллион юань болса, 2024 жылы 674 миллиард 150 миллион юаньға дейін ұлғайды. Яғни көрсеткіш 116 пайызға өскен. Жылдық орташа өсу қарқыны 7,3 пайызды құрап, сәйкес кезеңдегі Қытайдың жалпы импорты мен экспортынан 2,3 пайыздық тармаққа жоғарылады.

Үстіміздегі жылдың бес айында еліміздің Орталық Азияның бес еліне импорты мен экспорты 286 миллиард 420 миллион юаньға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артты. Сөйтіп көрсеткіш тарихтағы сәйкес кезең бойынша ең жоғары деңгейге жетті. Оның ішінде экспорт 188,18 миллиард юань болып, 5,6%-ға өсті; импорт 98,24 миллиард юаньға жетіп, 21%-ға ұлғайды.

Еліміз Орталық Азиямен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық әлеуетін белсенді түрде зерттеп келеді. Орталық Азияның жасыл және жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері Қытай нарығына көбірек шығуда. Биылғы жылдың бес айында еліміз Орталық Азияның бес елінен 4 миллиард 360 миллион юань ауыл шаруашылығы өнімін импорттап, сала көрсеткіші 26,9 пайызға өсті. Оның ішінде Қазақстаннан зығыр тұқымының импорты 202,1 пайызға, Өзбекстаннан мейіз импорты 153,7 пайызға, Қырғызстаннан бал импорты 10,9 есеге өскен.

Сонымен қатар, жоғары деңгейлі өзара байланыс желісін салудың арқасында маңайдағы құрлық бағыттарын оңтайландыру жалғасуда. Еліміздің Орталық Азияның бес еліне импорты мен экспортындағы автомобиль көлігінің үлесі 2020 жылғы 19,9%-дан 2024 жылы 51,8%-ға дейін өсті. Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы импорт және экспорт бойынша автомобиль жолдарының үлесі жоғары болды. Жол көлемі 143,65 миллиард юаньға жетіп, 10,9 пайызға өсті. Ал үлес салмағы 50 пайыздан жоғары деңгейін сақтады.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото