Қытай мен Орталық Азия арасындағы туристік алмасу қыза түсті

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 16 маусым

16 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Қытай мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың ұзақ тарихы бар, Жібек жолы арқылы қалыптасқан достық мыңдаған жыл бойы жалғасып, бүгінге дейін жетті. Қытай – Орталық Азия бірінші саммитінен бүгінге дейін екі тарап арасындағы туристік алмасулар барған сайын жиілеп,

халық жүрегін тоғыстыратын маңызды көпір мен дәнекерге айналды. Қазіргі таңда Қытай мен Орталық Азия елдері арасында туристік қарым-қатынас екіжақты бағытта дамып, бір-бірі үшін маңызды туристік бағыттарға айналуда, өзара сапарлайтын туристер саны көрнекті артты. Қытай мен Орталық Азия елдері алмасу ынтымақтастықты ілгерілетіп, мәдени алмасу мен өзара үйренудің жаңа кезеңін бірлесіп жалғастырып келеді.

Бірінші, бір-біріне келіп-кететін туристер ағымы үзілмеді

1 маусымда бортында 160-тан астам жолаушысы бар рейс Өзбекстанның Ташкент қаласынан ұшып, Қытайдың Шыңжаңындағы Тяньшань халықаралық әуежайына қонды. Сөйтіп, Қытай мен Өзбекстан арасындағы өзара визасыз келісім күшіне енген алғашқы күні Қытайға визасыз келген бірінші топ өзбек туристері өз сапарларын бастады. 2023 жылдың 10 қарашасында Қытай мен Қазақстан арасындағы визадан босату туралы өзара келісім ресми түрде күшіне енген болатын. Әртүрлі қолайлы саясаттар екі тарап халқының барыс-келісіне қолайлылық сыйлап, туризм алмасуын дамытты.

«Шыңжаңның керемет пейзаждары мен қонақжайлылығы менің ойлағанымнан да асып түсті! Жол бастаушының жан-жақты түсіндіруі маған Шыңжаңның гуманистік әдет-ғұрыптарын тереңірек тануға көмектесті», - деп Қазақстаннан келген Наталья Үрімжіде өзінің толқып тұрғанын жеткізді. Соңғы жылдардан бастап Қытайдың Шыңжаңына бағыт алған Орталық Азия туристік топтарының легі толастамай отыр. Үрімжі Орталық Азия туристері үшін танымал бағыт ретінде барған сайын тартымды болып келеді.

Trip.com Group-тың соңғы статистикасы көрсеткендей, ағымдағы жылдан бастап Орталық Азиядан келген қонақтардың туристік тапсырыстары өткен жылмен салыстырғанда 106%-ға артқан, ал Өзбекстаннан келген туристердің саны 164%-ға көбейген. Орталық Азия туристері Гуанчжоу, Ханчжоу, Бейжің, Үрімжі, Сиань, Чэнду, Шанхай, Шэньчжэнь, Иу, Циндао сияқты қалаларға ең көп барады. Сонымен қатар, биылдан бастап қытайлық туристердің Орталық Азияға сапарларына тапсырыстар саны сәйкес мезгілмен салыстырғанда 74%-ға, ал Өзбекстанға баратын тапсырыстар саны сәйкес мезгілмен салыстырғанда 60%-ға өсті. Қонақтар негізінен Үрімжі, Бейжің, Сиань, Ханчжоу, Чэнду, Шанхай және Гуанчжоу сияқты қалалардан келеді.

UTour Group Co., Ltd. туризм агенттігінің мәліметтері бойынша, осы жылдың бірінші жартысында Орталық Азияға сапар шеккен қытайлық туристер саны өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 100%-ға өсті. Fliggy платформасында осы жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстанға әуе билеттерін брондау саны ұқсас мезгілмен салыстырғанда 60% және 47%-ға өсіп, Ташкент, Алматы, Шымкент, Бұхара сынды қалалар танымал бағытқа айналды.

Маусым айының басында бейжіңдік туристер Ли Тао мен Се Цзиньхуа Орталық Азияға ұмытылмас сапарларын аяқтады. «Біз бұған дейін 40-50 елде болдық, бірақ әрқашан тылсым Орталық Азияға баруды армандап келдік. Бұл сапар барысында біз Орталық Азия халқының қарапайымдылығын, таңғажайып табиғатын және қайталанбас мәдени болмысын сезіне алдық. Орталық Азия – баруға әбден лайық туристік бағыт», – деп бөлісті олар өз әсерін.

Екінші, жергілікті өнімдер түрі мол әрі жаңа

Қытай мен Орталық Азия - бір-бірі үшін маңызды туристік бағыттар. Екі жақтың туристері де енді тек жай серуендеп көрумен шектелмей, бір-бірінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және тұрмыстық өмірін тереңірек танып білгісі келеді.

Орталық Азиядан келген туристер Шыңжаң мұражайын аралап, Шыңжаң Халықаралық үлкен базарына барып, жергілікті тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ олар Шыңжаңның бірегей табиғи ландшафты мен мәдениетін сезінді. Қытайлық туристер ежелгі Жібек Жолындағы Орталық Азияның тарихи қалаларын тамашалап, жергілікті қой етінен жасалған палау мен жылқы етінен дәм татты.

Xinjiang Western Regions Intl Travel Service Co., Ltd. туристік агентігінің бас менеджері Ян Шуго: «Орталық Азиядан келген туристер Қытай мәдениетіне қатты қызығады, бұл бізге Орталық Азиядағы туризмді кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер берді. Біз туристік өнімдерді ұдайы байыту арқылы Үрімжінің Орталық Азия туристік нарығындағы тартымдылығын одан әрі кеңейтуді асыға күтеміз. Орталық Азия туристерінің қалауын ескере отырып, біз денсаулық сақтау + туризм, бизнес + туризм және т.б. сияқты 5 тақырыптық бағытты инновациялық түрде іске қостық», - деді.

Орталық Азия-Қытайдың шетелдегі туризмі үшін дамып келе жатқан танымал бағыт. CYTS Aoyou Technology Development Co., Ltd. туристік агентігінің төрағасы Хань Цзе: «Қазақстан - Орталық Азиядағы ең үлкен құрлық ел әрі бай туристік ресурстарға ие. Алматы мен Астана қытайлық туристер арасында ерекше танымал жерлер. Өзбекстан - Орталық Азиядағы халқы ең көп ел. Ол тарихи және мәдени ресурстарға бай, сондықтан да туристер көп барады. Қазіргі уақытта топтық турлар қытайлық туристер үшін Орталық Азияға барудың негізгі жолы, ал туристердің көбі зейнеткерлер. Туристік ресурстар әрі қарай дамыған сайын, жаңа турөнімдер жасалып, олар жастарды да көбірек тартатынына сенімдімін», - деп айтты.

SHANGHAI SPRING INTERNATIONAL TRAVELSER туризм агентігінің бас менеджерінің орынбасары Чжоу Вэйхун журналистерге: «Жазда біз Орталық Азия тақырыбына арналған екі туристік өнімді – «Қазақстанды терең түсінетін тур» және «Қазақстан-Өзбекстан қос елді байланыстыратын турды» іске қосамыз. Қытай туристері Өзбекстандағы Ұлттық палау орталығында дәстүрлі палаудан дәм татып, кешкісін Самарқандағы Регистан алаңында жарық шоуын тамашалайды, Самарқан туристік орталығында заманауи инфрақұрылыммен танысып, «мыңжылдықтарды бір сапарда кесіп өтетін» әсерлі мәдени саяхатты бастан өткереді. Осы арқылы Жібек Жолы бойындағы салт-дәстүрді жаңа қырынан түсінеді», - деп түсіндірді.

Үшінші, нарықты ашу бойынша әртараптандырылған шаралар

Қытай мен Орталық Азиядағы туристік нарықтың әлеуеті зор. Сычуань Қытай жастар туристік агентігінің (Mark Travel) басшысы Сюй Цзя: «Біз Орталық Азия туризмімен 2023 жылдың наурыз айынан бастап айналысамыз. Сол жылдың мамыр айында Қытай-Орталық Азия саммиті өтті, ал «жұмбақ станға» сапар барған сайын танымал болды. Қазіргі уақытта туристік агенттіктің Орталық Азия нарығындағы бизнесі қарқынды дамып келеді. Орталық Азияға Қытайлық туристерді көбірек тарту үшін біз туристердің алуан түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қайталай Жібек Жолымен сапар, халықтық мәдени алмасулар және табиғат көріністерін зерттеу сияқты Орталық Азия тақырыбына арналған бірқатар туристік маршруттарды әзірледік», - деп өз жұмыстарын таныстырды.

«Соңғы екі жылда біз қабылдаған қытайлық туристер саны артып келеді. Олардың төлем қабілеті жоғары, әрі тарихи-мәдени мазмұнға ерекше қызығушылық танытады», - деп таныстырды Өзбекстан қабылдау агенттігінің (Stanxing & Avanti қабылдау агенттігі) басшысы Чжан Вэй.

«Қазіргі таңда Орталық Азиядағы туризм жеткілікті деңгейде дамымаған. Біз туристерге тарихты тереңірек таныстыру үшін қытай тілді гидтер санын көбейтуді, қытай мейрамханаларымен ынтымақтастықты кеңейтуді, жаңа туристік автобустарды пайдалануға енгізуді және тағы да көп ерекше тақырыптық бағыттар ұсынуды жоспарлап отырмыз. Қытайлық туристердің одан әрі көптеп келуін асыға күтеміз», – деді ол.

Визасыз режим саясаты жүзеге асырылғалы Қытай мен Өзбекстан арасындағы мәдени туризм алмасулары жылдам жолға түсті. Осы жылы Өзбекстан қытайлық туристерге жергілікті туристік ресурстарды егжей-тегжейлі таныстыру мақсатында Қытайда туризмді ілгерілету бойынша іс-шаралар өткізді. Өзбекстан тарапы қытайлық қонақтарға ең жақсы саяхат тәжірибесін ұсыну үшін бірқатар шара қабылдап жатыр.

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сәйкес, Қытай - Қазақстанның ең маңызды туристер келетін елінің бірі. 2024 жылы Қазақстанға 655 000 қытайлық турист барып, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78%-ға артқан. 2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы. Қазақстан Қытайда туризмді ілгерілету бойынша бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Гуанчжоуда және басқа жерлерде роуд-шоулар өткізіліп, қытайлық туристік саладағы тұлғалармен ынтымақтастық орнатты. Қытайлық туристерді баурау мақсатында Қазақстан цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізуде. Маусым айының басында Алматыда Қытайдың Өзіндік тур мәдени туризм цифрлық сервистік платформасы мен Қазақстанның Туризм басқармасы бірлесіп ұйымдастырған «2025 Жібек Жолы цифрлық туризм форумы» өтті. Бұл ынтымақтастықтың мақсаты - қазақстандық туристік компаниялардың цифрлық технологиялар арқылы Қытайдың туристік нарығы туралы түсінігін тереңдету, нарықтың даму деңгейін арттыру және екі тарап арасындағы туристік ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтеруге жәрдемдесу.

«Халық Газеті» тілшісі Чжао Шань

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото