Қазақстан мен Қытай шекарадағы өткізу қабілетін арттырады

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 27 мамыр

2025 жылғы 23 мамырда «Нұр Жолы» – «Қорғас» өткізу пункттерінде Қазақстан мен Қытай делегацияларының бірлескен жұмыс сапары өтті. Бұл туралы KAZINFORM хабарлады.

Қазақстандық делегацияны Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев, қытайлық делегацияны ҚХР бас кеден басқармасының министрі Сунь Мэйцзюнь басқарды. Бұл сапар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және Қытай бағыты бойынша үлкен кезектерді шешу қажеттілігі аясында ұйымдастырылды. Ортақ инспекция жүргізу туралы келісім 2025 жылғы 21–22 мамырда Орталық Азия және Қытай кеден қызметтері басшыларының кездесуінде жасалды.

Сапар барысында делегация басшылары екі елдің өткізу пункттері – «Нұр Жолы» және «Қорғас» – орналасқан инфрақұрылыммен танысып, шекараның екі жағындағы нысандарды аралады.

Сапар қорытындысында делегация басшылары қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады. Министр Сунь Мэйцзюнь сондай-ақ «Нұр Жолы» өткізу пунктінің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен Қазақстанның электрондық кезек жүйесін жоғары бағалап, оның тасымал үдерісінің ыңғайлылығы мен тиімділігін арттырудағы рөлін атап өтті.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото