- Барлық ақпарат
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев: Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналды
![]() |
14 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев 11 сәуір күні Бейжіңде өткізген баспасөз мәслихатында Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналғанын атап өтті.
Қытайдың кедендік деректеріне сәйкес, Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 2024 жылы 43,8 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артып, рекордтық көрсеткішке жеткен.
Елші «Бір белдеу, бір жол» аясында Қазақстан Қытай-Еуропа пойыздары жүк тасымалының 80%-ын өз жауапкершілігіне алғанын, 2024 жылы жүк көлемі 32 млн тоннаны құрап, 13%-ға артқанын айтты. Елші Ш.Нұрышев өзге де мәліметтерді ретімен баяндады. Транскаспий теңіз көлік дәлізінің жүк көлемі 4,5 млн тоннаға жетіп, 62%-ға ұлғайды. 2024 жылдың шілдесінде екі елдің мемлекет басшылары бірлесіп Қытай-Еуропа транскаспий тікелей экспресінің ашылуына куә болды. Ал халықаралық автомобиль көлігіне электронды рұқсат беру жүйесін өзара тану жыл соңында жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта екі елдің ірі қалаларын апта сайын байланыстыратын 50-ден астам жолаушылар рейсі бар. Шанхай мен Чэндуға қатынайтын жаңа бағыттар да іске қосылды.
Елші шетелдік инвестицияларды тарту Қазақстан үкіметінің елдің экономикалық өсуіне ықпал етудегі негізгі басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық тереңдеді. Қытай-Қазақстанның бес үлкен инвестиция көздерінің бірі. 2024 жылы Қытайдың Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 11,19 миллиард АҚШ долларын құрады. Екі тарап энергетика және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларды қамтитын жалпы инвестициясы 66,4 миллиард АҚШ доллар көлеміндегі 224 ынтымақтастық жобасын іске асыруда.
Мәдени алмасулардың нәтижелері де жемісті болды. 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризм жылы» болып жарияланған еді. Бұл шара аясында Қазақстанға 655 000 қытайлық турист барып, 78%-ға өсті; 2025 жылы «Қазақстандағы Қытай туризм жылы» аталып өтпекші.
Бейжің Тіл және мәдениет университетінің Астанадағы филиалы білім алушыларды қабылдаудың бірінші кезеңін аяқтады; Қытайда 4000-нан астам қазақстандық студенттер оқиды. Жақын арада Қазақстандағы екінші «Любань шеберханасы» пайдалануға беріліп, ақпараттық технологиялар саласындағы таланттарды даярлайтын болады.
Көпжақты ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келеді. Екінші Қытай-Орталық Азия саммиті 2025 жылдың маусым айында Астанада өтеді. Елші бұл саммит Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы достықты, тату көршілікті және өзара сыйластықты одан әрі нығайтып қана қоймай, сонымен қатар «Орталық Азия-Қытай» тетігінің ұзақ мерзімді институционалды дамуына ықпал етеді деп санайтынын айтты.
Ресми өкіл Ш.Нұрышев Қазақстан Қытайдың ШЫҰ-ға кезекті төрағалық ету барысында ұйымдастыратын жұмыстарын толығымен қолдайтынын мәлімдеді. Елші Тяньцзинь саммитінің аймақтық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашуын асыға күтетінін жеткізіп, сөзін түйіндеді.
people.cn © People's Daily Online