Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері қандай

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 14 сәуір

Жыл басынан бері Қазақстанның республикалық бюджетінен 1 трлн 44,3 млрд теңгеге зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 337,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 706,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы Kazinform хабарлады.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстандағы зейнеткерлер саны — 2 млн 465 мың адам.

— 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 622 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері — 95 963 теңге, базалық зейнетақы — 47 659 теңге болды-, делінген хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%- ға оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа Қазақстан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

— 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңге болды-, делінген хабарламада.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото