Түркиядағы Grand Kartal қонақүйіндегі өрттің негізгі себебі анықталды

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 11 сәуір

Түркиядағы Grand Kartal қонақүйіндегі өрттің негізгі себебі анықталды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Биылғы жылдың 21 қаңтарында Түркияның Карталкая тау шаңғысы курортында орналасқан Grand Kartal қонақүйінде үлкен өрт шыққан еді.

Белгілі болғандай, өрттің кесірінен 78 адам қаза тапты, олардың кемінде 20-сы – балалар. Сонымен қатар, 51 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Өрт түннің бір уағында, қонақүйдің мейрамханасы орналасқан қабаттардың бірінде басталған. Алайда өрт дабылы жүйесі жұмыс істемей, қонақтар дер кезінде қауіп жайлы ескертілмеген.

Тергеу нәтижесінде өрттің мейрамханадағы құрылғының ұзақ уақыт қызып кетуінен басталып, оның үстінде болған майдың кенеттен тұтануы себеп болғаны анықталды.

Сонымен қатар, уәкілетті органның соңғы сараптамалық есебі алғашқы өрт туралы ақпарат қонақүй әкімшілігіне дереу жеткенін көрсетті. Алайда, адамдарды эвакуациялаудың орнына қызметкерлер жерасты тұрақтағы көліктерді құтқаруға тырысқан. Өрт басталған алғашқы 12 шешуші минут ішінде қонақтардың ешбірі оятылмаған.

Қызметкерлер тұрақ қақпаларын қолмен ашқан, бұл оттегінің ішке көптеп енуіне және өрттің қатты күшеюіне әкеліп соққан. Жарылыс желдеткіш шахталар арқылы тез таралып, жағдайды одан әрі ушықтырған.

Тергеу барысында эвакуациялық шығу жолдарының жабық болғаны және дабыл жүйесінің сөндірілгені анықталды. Осы деректер негізінде 31 адам, соның ішінде қонақүй иесі, директоры және жергілікті шенеуніктер ұсталды. Қазіргі уақытта 22 адам қамауда отыр.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото