Қазақстанда 30 млн гектарға жуық жер тозған – Топырақты қорғау туралы заң әзірленді

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 19 ақпан

ҚР Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінде «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасы және оған ілеспе түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды KAZINFORM.

ҚР АШМ Жерге орналастыру жұмыстары жөніндегі мемлекеттік институтының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 29,9 миллион гектар жер тозған. Ықтимал топырақ құнарлылығы 17%-ға төмендеген, ал суармалы жерлердегі сортаңды жерлер 35-37%-ға артқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы өнімін өндіру азайған.

− Өткен жылы «Жайылымдар туралы» заңға жайылымдардың тозу процестерінің алдын алуға, олардың жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған, топырақты қорғау мәселелеріне және жасыл экономика негіздеріне тікелей қатысты нормалар енгізілді. Дегенмен, қазір егістік алқаптарының тозуы, олардың қарашірігінің азаюы қайтымсыз қарқын алуда, − деді ҚР Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нұржан Әшімбетов.

Негізгі заң жобасының ережелері топырақ ресурстарын ұтымды пайдалану, оларды жасылдандыру, жердің нысаналы мақсаты мен топырақ қасиеттеріне байланысты құқықтық режимге сараланған көзқарас, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалануды барынша азайту, сондай-ақ топырақты экожүйенің бөлігі ретінде тану қағидаттарына негізделген.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото