Биыл Қазақстанда 13 мың шақырым жолға жөндеу жүргізіледі

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 7 ақпан

Биылғы жол құрылысы маусымында Қазақстанда 13 мың шақырым жолда құрылыс пен жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды Sputnik.

Ұзындығы 2,2 мың шақырым жолға құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жасалады. Ал 6,6 мың шақырым жолда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырым болатын, құрылысы жүріп жатқан "Қалбатау – Майқапшағай", "Күрті – Қонаев", "Қызылорда – Жезқазған" және "Ұзынағаш – Отар" күре жолдарында жұмыс жалғасады. Сонымен қатар төрт жолақты "Ақтөбе – Ұлғайсын", "Қарағанды – Жезқазған", "Атырау – Доссор" және "Сарыағаш қаласының айналма жолы" жобаларының құрылысын бастау көзделген. Олардың жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асады»,- деп хабарлады көлік министрлігі.

10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жасалады.

Өткен жылы орташа жөндеу жұмыстары басталған "Жезқазған – Петропавл", "Қарағанды – Аягөз – Бұғаз", "Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз" сияқты ірі жобаларда биыл да жұмыстар жалғаспақ.

«Биыл бұдан өзге "Қарабұтақ – Рудный – Қостанай", "Атырау – Орал" және "Астана – Қорғалжын" автожолдарының учаскелерін қоса алғанда, ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары басталады», - дейді министрлік.

Жергілікті маңызы бар жалпы ұзындығы 4,2 мың шақырым болатын жолдарды жөндеу жоспарланған. Олардың қатарында "Атырау – Форт – Шевченко", "Түркістан – Шәуілдір", "Чапай – Сайқын" жолдары, сондай-ақ Семей қаласындағы көпірдің құрылысы бар.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото