2025 жылғы азия ойындары: жарыстар қай спорт кешендерінде өтеді

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 16 желтоқсан

16 желтоқсан, онлайн «Халық Газеті» -- 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Бұл мультиспорттық шара Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Қазіргі уақытта инфрақұрылымның басым бөлігі дайын.

Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында өтеді. Жүлделер екі негізгі жарыс аймағы бойынша сарапқа салынады: Харбин қаласының өзінде және одан 200 шақырым жерде орналасқан Ябули тау шаңғысы курортында. Дайындық аясында қала спорт нысандарын жаңғырту жұмысын белсенді түрде жүргізді. Бұл дайындық жұмыстары заманауилыққа, экологиялық тазалыққа және шығындарды азайтуға ерекше мән бере отырып, тұрақты даму қағидаттарына негізделген.

Билік тек спорттық нысандарға ғана емес, сондай-ақ жолдарға, қонақ үйлерге, теміржол бекеттеріне, роботтандыруға және қалада қатынайтын шаттлдарға да ерекше көңіл бөлген. Жалпы, Харбинге келген қонақтар қарлы қаланың қонақжайлығын толық сезінуі үшін ауқымды жұмыс атқарылды.

Жарыс бағдарламасы биатлон, фристайл-акробатика, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы альпинизмі, сноубординг, кёрлинг, хоккей және мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлерін қамтиды.

Харбиннің өзінде жүлделер коньки спорты, хоккей, кёрлинг және мәнерлеп сырғанау бойынша сарапқа салынады. Қалған спорт түрлерінің жарыстары Қытайдағы ең ірі тау шаңғысы курорты Ябулиде өтеді. Бұл курортта бұған дейін бірнеше мәрте халықаралық деңгейдегі турнирлер өткен.

Ерлер мен әйелдер арасындағы хоккей турнирлері әртүрлі алаңдарда өтеді. Ерлер арасындағы медальдық жарыстар Harbin Ice Hockey Arena кешенінде ұйымдастырылады. Әйелдер арасындағы матчтар Harbin Sport University Student Skating Hall алаңында өтеді. Кёрлинг сайыстарын Harbin Pingfang Curling Arena аренасының трибуналарынан тамашалауға болады. Ал шаңғы спорт түрлері, жоғарыда айтылғандай, тек Ябулиде өтеді.

Айта кетейік, көптеген спорттық нысандар энергияны үнемдеу технологияларымен және суды қайта айналымға келтіру жүйелерімен жабдықталған. Бұл ұйымдастырушылардың экологиялық тұрғыдан таза ойындар өткізуге деген ұмтылысын көрсетеді. Ұйымдастыру комитеті инфрақұрылымды дайындауда заманауи шешімдер мен дәстүрлерді үйлестіре отырып, жоғары амбициясын көрсетті. Қаланың спорттық нысандары барлық қонақтарға жоғары деңгейдегі жағдай жасауға дайын.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото