Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырды

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 12 желтоқсан

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті, деп хабарлайды KAZINFORM.

«Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет», — деді ҚР Президенті.

ҚР Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл идеяны одан әрі өрістетуді, яғни Орталыққа халықаралық мәртебе беріп, оны аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото