Дүниежүзілік банк Қазақстанда 5 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 4 желтоқсан

Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммиті аясында Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Қ.Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде қаржы институтымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанның Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің Көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы (TRACE) шеңберінде атқарылатын қазақстандық жобаға 650 миллион доллар көлемінде қаржы бөлу туралы шешімін құптады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді дамытуға, атап айтқанда, Жезқазған — Қарағанды автомагистралінің құрылысына салынатын инвестицияның стратегиялық маңызына назар аударды.

Аджай Банга Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен арадағы ықпалдастық деңгейіне жоғары баға беріп, өзара тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады. Атап айтқанда, банк экономиканың түрлі саласында бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото