- Барлық ақпарат
Kazakh Tourism: Қытайдан келген туристер орта есеппен 1 мың доллар жұмсайды
Қазақстанның Алматы қаласында «Қытайдағы Қазақстан туризм жылының» жабылуына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды, деп хабарлайды KAZINFORM.
Іс-шара аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Сәдуақасов Қытайдан Қазақстанға келетін саяхатшылар саны жарты миллионнан асқанын атап өтті.
«Көп жыл бойы Қазақстаннан Қытайға баратын саяхатшылар саны, бізге келетін туристерге қарағанда көбірек болатын. Биыл 400 мыңдай жерлесіміз Қытайға барса, көрші мемлекеттен Қазақстанға осы жылдың 10 айында келген туристер саны 550 мыңға жетті. Біздегі дерекке сүйенсек, қытайлық турист орта есеппен 1 мың доллар жұмсайды», — деді «Kazakh Tourism» Төрағасы.
Ал Қазақстан мен Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Санжар Жамалов елімізге негізінен Қытайдың қай өңірлерінен туристер келетінін көрсетті. Оның айтуынша, қытайлық туристердің 31%-ы Гуанчжоудан, 20%-ы Бейжіңнен, 12%-ы Үрімжіден, 12%-ы Шанхайдан, 8%-ы Ханчжоудан келеді. Сондай-ақ, көршілес елден келген туристер орта есеппен Алматыда 7-9 күн өткізеді.
people.cn © People's Daily Online