Қазақстан мәжілісі орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға қатысты құжатты қабылдады

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 21 қараша

Қазақстан Мәжілісінің жалпы отырысында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданды деп жазды ҚазАқпарат.

«2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшыларының саммитінде Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қойылды. Бұл халықаралық ұйымының мақсаты – орыс тілін халықаралық үкіметаралық ұйымдар мен құрылымдардың ресми немесе жұмыс тілі ретінде, сондай-ақ халықаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету. Өздеріңіз білетіндей, БҰҰ-да 6 ресми тіл қолданылады: ағылшын, француз, қытай, орыс, испан және араб. Қазіргі кезде осы тілдерді дамытуға бағытталған арнайы халықаралық ұйымдар бар. Мысалы, француз тілінде сөйлейтін 50-ден астам елді біріктіретін Франкофония ұйымы, Араб тілінде сөйлейтін елдерді біріктіретін Халықаралық Араб тілі Кеңесі, сондай-ақ Британ Кеңесі, Конфуций Институты, Сервантес институты сияқты ірі халықаралық институттар жұмыс істеп жатыр», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, орыс тілі БҰҰ-ның ресми тілі мәртебесінен бөлек, ТМД, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сияқты бірқатар халықаралық ұйымдардың жұмыс тілі.

«Қазіргі кезде шартты Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы ратификациялады. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» ҚР Заңының 11-бабының 2) және 5) тармақшаларына сәйкес, Шарт ратификациялауға жатады», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото