БҚО-да жергілікті жолдарды жөндеу бағытында 50 жоба жүзеге асырылып жатыр

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 28 қазан

Батыс Қазақстан облысында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы, сондай-ақ "Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 91,6 млрд теңгеге 642 шақырымнан астам жолды жөндеу көзделген, деп хабарлайды KAZINFORM.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің мәлім еткеніндей, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар бойынша 36,2 млрд теңгеге 50 жоба жүзеге асырылуда. Барлығы 328,5 шақырым жол жөндеумен қамтылған.

Оның сөзіне қарағанда, облыстық маңызы бар жолдарда үш жоба бойынша қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Барбастау-Ақжайық-Индер автожолының (43-93 км) 50 шақырымы 2021 жылдан бері жаңартылуда.

«Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге. Биыл бұл нысанды аяқтауға 3,2 млрд теңге бөлінді. Осыған дейін 43 шақырымға асфальт-бетон төселді. Аталмыш жобаны кестеге сәйкес алдағы айда аяқтау жоспарланып отыр», деді М.Қуаншалиев.

Сол секілді Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолында (68-139 км) 71 шақырымды жаңарту 2021 жылдан бері жалғасуда. Мұның жалпы құны – 27,5 млрд теңге. 2024 жылы 10 шақырым жол 3,5 млрд теңгеге асфальтталды. Бұл нысан алдағы жылы мәресіне жетпекші.

Сондай-ақ Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолында (130-191 км) 2021 жылдан бастап 61 шақырым (жоба құны - 18,8 млрд теңге) ретке келтірілуде. Биыл 4,5 млрд теңгеге 10,5 шақырым жол салынды. Мұны да 2025 жылы бітіру көзделуде.

Басқарма басшысы жергілікті автожолдарды күрделі және орташа жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Батыс Қазақстанда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 183 км болса, соның 1 349-ы – республикалық, 4 834 шақырымы – жергілікті жолдар. Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 73 пайыз болса, жергілікті жолдардікі – 52 пайыз», деді М.Қуаншалиев.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото