Қытай-Қазақстан туристік ынтымақтастығы одан сайын қыза түсуде

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 22 қазан

22 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- Биыл - Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Туризм жылының әртүрлі жарнамалық іс-шаралары мен екі елдің мекемелері бастаған бірқатар ыңғайлы шараның арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы туризмнің танымалдығы барған сайын артып жатыр.

Жақында Қазақстан Қытайдың 17-інші шетелге шығу туризм жәрмеңкесіне (COTTM2024) қатысып, Бейжің мен Сиань қалаларында Қазақстанның Алматы қаласы туризм күні және Астана роуд-шоуын өткізді. Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Асқар Шалқарбаев Астана роуд-шоуында сөйлеген сөзінде туризм жылы басталғалы бері Қазақстан Қытайдың әртүрлі өлкелері мен қалаларында туризммен байланысты 20-дан астам іс-шараны өткізіп, өзінің бай туристік ресурстары мен ерекше мәдениетін көрсеткенін атап өтті.

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің мәліметтері бойынша, осы жылдың алғашқы он айында Қазақстанға барған қытайлық туристердің саны 122 000-ға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64%-ға артқан.

Қытайдың ctrip туристік платформасының мәліметтері бойынша, осы жылдан бастап қытайлық туристердің Қазақстанға сапарларына тапсырыстар саны сәйкес мезгілмен салыстырғанда 229% артып, ал 2019 жылмен салыстырғанда 262% өскен.

Empire Travel Qazaqstan туристік менеджмент компаниясының бас менеджері Мейрамгүл Балгожинаның айтуынша, биыл Қазақстанның Қытайдағы Туризм жылы аясында Қазақстанға келетін туризмнің негізгі бағыттарының бірі «іс-шара+туризм» бойынша дамыған. Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті және V дүниежүзілік көшпенділер ойындары сияқты бірқатар ірі іс-шараны сәтті өткізіп, көптеген шетелдік туристі шақырған.

Қытайлық туристерге жайлы демалыс сыйлау мақсатында Алматы қаласының туризм басқармасы басшысы Ғалия Тоқсейітова мекемелерінің биыл 50 жол бастаушыны қытай тілінде оқытып, жаңа халықаралық терминал салғанын, навигациялық жүйенің қытай тілінде қызмет көрсетуін ілгерілету үшін қытайлық кеңесшілерді қызметке алғанын жеткізді. Ол сонымен қатар келесі жылы Алматыдан Сианьға туристік пойыз қатынайтынын, мәдени алмасулар мен сапарларды жалғастыру мәселесі қарастырылып жатқанын қоса кетті.

Сонымен қатар екі ел арасындағы рейстер санының артуы екі ел халқының өзара байланысына қолайлылық тудырды. Қазіргі уақытта екі елдің әуекомпаниялары бірқатар бағытты ашты. Соның ішінде Бейжің-Астана, Үрімжі-Астана, Бейжің-Алматы, Ханчжоу-Алматы сияқты бағыттар бар. Екі ел арасында аптасына 44 рейс қатынайды.

Қытай-Қазақстан шекарасында орналасқан Шыңжаң Қорғас портының кіріп-шығу шекарасының статистикасына сәйкес, биылдың 10 қазанындағы жағдай бойынша Қорғас тасжолы порты арқылы елге кіріп-шыққан адамдардың саны 1 миллионнан асты. Бұл бір жылмен салыстырғанда 110% өсіп, портта кедендік рәсімдеу басталғаннан бері рекордтық көрсеткішке жеткен.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото