9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4%-ға өсті

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 16 қазан

9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4%-ға өсті, деп хабарлайды kt.kz Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Үкімет отырысында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде экономиканың өсімі 4% -ды құрағанын баяндады. Нақты секторда оң динамика 5%-ды, қызмет көрсету саласында 3,8%-ды құрады.

Салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр.

Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға өсті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ке, білім беруде - 79,3%-ке, көлікте - 31,1%-ке, өңдеу өнеркәсібінде - 6,3%-ке, денсаулық сақтауда - 4,8%-ке өсті.

Қаңтар-тамызда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құрады. Экспорт $53,5 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-ты, импорт $38,1 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда, ҚР-ның оң сауда балансы $15,4 млрд-қа тең.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 4,8%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 1,2%-ға өсті.

Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 6,2%-ға артық.

Ауыл шаруашылығы өсудің белсенді кезеңіне өтті. Дәнді дақылдарды жинаудағы үдемелі қарқынның арқасында сала өндірісінің көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығының өсім 17,8%-ды құрады.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото