Қазақстанда электромобильдерді қуаттайтын станциялар ірі көлік дәліздері бойында орнатылады

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 13 қыркүйек

Қазақстан ірі көлік дәліздерінің бойында электромобильдерді қуаттайтын станцияларды орнату жоспарланды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина айтты деп жазды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде республикалық маңызы бар жолдардың бойында көліктерге электр қуатын беретін 23 станция бар. Сонымен қатар осы бағытта ұлттық оператор осы станциялардың санын көбейту жұмысын жалғастырып жатыр. Электр энергиясымен қуаттайтын станцияларды жеткізіп жатқан «Qazaq Energy Charge» ЖШС, «MyCharge» және «Green Car» компанияларымен бірлесе жол бойында аталған станцияларды орнатуға арналған тиісті алаңдар анықталып жатыр. Қондырғылар «Орталық-Оңтүстік» дәлізі, «Астана-Алматы», «Алматы-Шымкент» бойында орнатылады», - деді А.Ғабдуллина Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл қондырғыларға электр энергиясын тарту жұмыстарын инвесторлар жүзеге асырады. Оларды орнату картасын инвесторлар мен «ҚазАвтоЖол» компаниясы бірлесе бекітеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл жазда Қазақстан аумағындағы электромобиль саны 11 мыңға жетті. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото