- Барлық ақпарат
2030 жылға қарай қазақстандық порттардың өткізу қабілеті 30 млн тоннаға дейін ұлғайтылады
2030 жылға қарай қазақстандық порттардың өткізу қабілеті 30 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Маңғыстау облысындағы теңіз порттарын дамыту жоспарының іске асырылуын тексеру барысында мәлім етті, деп хабарлайды KAZINFORM.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Каспийдегі ірі көлік инфрақұрылымының әлеуетін бағамдады. Министр Ақтау, Құрық, Баутино теңіз порттары мен Саржа, Ертай, Северный теңіз терминалдарының жұмысын тексерді.
Теңіз инфрақұрылымын дамыту аясында қосымша контейнерлік терминалдар салу, қайта тиеу техникасын жаңарту, логистиканы дамыту, кедендік және әкімшілік рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ ТХКБ және Солтүстік-Оңтүстік дәліздерін цифрландыру жұмыстары атқарылуда.
Жалпы, осы жұмысты іске асыру қорытындысы бойынша 2030 жылға қарай қазақстандық порттардың өткізу қабілетін ағымдағы 21 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту шеңберінде қабылданатын кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады және осы маршрутта жүктерді тасымалдау бойынша өсіп келе жатқан қажеттіліктерге қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
people.cn © People's Daily Online