- Барлық ақпарат
Бейжіңде Қазақстанның ШЫҰ-ға ротациялық төрағалығының басымдықтарына арналған баспасөз конференциясы өтті
6 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- 5 шілдеде Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хатшылығы бірлесіп 2023-2024 жылдары Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету басымдықтарына арналған баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Кездесуге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, бақылаушы елдердің және диалог бойынша серіктес мемлекеттердің Қытайдағы елшілері мен дипломаттары, Қытайдың үкіметтік мекемелері мен негізгі талдау орталықтарының өкілдері, сондай-ақ Қытай мен Қазақстанның БАҚ өкілдері қатысты.
ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин өз сөзінде 5 шілдеде өткен ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің 23-ші бейнеконференциясында Президент Қ.К.Тоқаев ШЫҰ-ға ауыспалы төраға ел ретінде ұсынған алты маңызды мәселе ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытудың жаңа деңгейіне көтеретінін айтты.
ШЫҰ Хатшылығы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Нұрлан Аққошқаров Қазақстанның кезекті төрағалығының негізгі басымдықтарын егжей-тегжейлі таныстырды. Олар - ШЫҰ даму кеңістігінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігер, ШЫҰ шеңберінде экономикалық және сауда ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, цифрлық экономикадағы ынтымақтастықты ұлғайту, экологиялық саладағы ынтымақтастықты күшейту және мәдени-гуманитарлық алмасуларды тереңдету.
Іс-шара барысында қытайлық сарапшылар Қазақстанның төрағалығы кезеңінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде ынтымақтастықты іске асырудың перспективалары мен жолдары туралы терең пікір алмасты.
Сол күні Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі, ШЫҰ Хатшылығы және ШЫҰ тату көршілік достық және ынтымақтастық комитеті «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойды.
Хабарламаларға сәйкес, Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салаларда 80-нен астам сараптамалық кездесулер, форумдар, министрліктің кеңестері мен жұмыс тетіктерінің отырыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жоспарға сәйкес, Қазақстан мен Қытайда бірлесіп 20-ға жуық мәдени және гуманистік іс-шара өткізеді.
people.cn © People's Daily Online