- Барлық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығының президенті: Жасыл даму Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының маңызды бағыты болып табылады
![]() |
30 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Орталық Азияға назар аударатын елдер саны артып келеді. 2023 жылдың 27-29 маусым аралығында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумы (жазғы Давос) жаңа көшбасшыларының жылдық кездесуінде Jiemian Global «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Президенті Ренат Бектұровтан сұхбат алды.
Р.Бектұров қазіргі уақытта орталық 75 елдің 2000-ға жуық компаниясының назарын өзіне аударғанын жеткізді. Олардың ішінде қытайлық акционерлер қатысқан 180-нен астам компания бар. Орталықтың серіктестері - «Жібек жолы қоры» Қытай үкіметі қолдайтын жеке капитал қоры, Шанхай қор биржасы және АҚШ-тағы NASDAQ бар. Елдер бойынша алсақ, Қытай қазірдің өзінде орталықтың екінші ірі өкілі болып табылады. Орталықта Қытай даму Банкі мен Қытай құрылыс банкінің филиалдары мен өкілдіктері орналасқанын айтты.
Қаржы орталығының басшысы Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен келген серіктестермен ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді. Шын мәнінде, Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір және «Орталық арна» болуды күтеді. Ал сауда саласы оның бір бөлігі ғана. Сонымен қатар халықаралық орталық қоғаммен, жаңашыл идеялармен, технологиялармен және т.б. алмасуды қамтиды. Орталық басшысының пікірінше бүгінгі Қытай мемлекеті көптеген салалардағы инновациялар мен даму көшбасшыларының біріне айналды. Мысалы, Қытай аккумуляторлық батареяларды өндіруде жетекші орынға және әлемдегі ең үлкен электромобиль өндірісіне ие. Орталық президентінің пайымдауынша, Қытай енді шикізатты ғана емес, сонымен бірге басқа елдердің дамуын және өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруды қолдау үшін даму тұжырымдамалары мен технологияларын экспорттай алады.
Р.Бектұров жасыл экономика Қытай-Қазақстан экономикалық ынтымақтастығының маңызды аспекті екенін атап өтті. Қытай жаңартылатын энергия көздерін дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ал Қазақстан «климат жөніндегі Париж келісімін» сақтап, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге және 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін арттыруға міндеттенді. Сондықтан Қазақстан тарапы жаңартылатын энергия көздеріне әлеуетті инвестициялар күтеді.
Өткен айдағы «Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстел отырысында» Қытай мен Қазақстанның автомобиль компаниялары электромобильдер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қытайлық электр энергетикалық компания Орталық Азиядағы жел энергетикасы саласындағы ірі жоба - Қазақстандағы жел электр станциясына инвестиция салды. Бұл ынтымақтастық экологиялық және экономикалық тұрақты дамуға ықпал етеді. Бұл бағыттар Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа қозғаушы күшіне айналады.
people.cn © People's Daily Online