Қытай мен Қазақстан жастары «Ғұмыр» атты қытай романын бірге оқыды

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 26 маусым

26 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- 29-ыншы Бейжің халықаралық кітап жәрмеңкесі (BIBF) кезінде қытайлық «Ғұмыр» романын оқудан алған әсер туралы пікір алмасу шарасы ұйымдастырылды.

Кездесуді «Ғұмырдың» қытай тіліндегі нұсқасының баспагері Цзянсу Феникс Әдебиет және өнер баспасы мен қазақ тіліндегі нұсқасын жарыққа шығарған «Еуразия-Астана» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды.

Еуразия ұлттық университетінің қытай философиясы кафедрасының меңгерушісі Акбарқан Дәулетәлі, «Еуразия-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Адай, «Ғұмыр» кітабының авторы Ху Сюэвэнь, Қытай жазушылар қауымдастығының және баспаның өзге де өкілдері пікір алмасу кездесуіне қатысып, сөз сөйледі.

«Еуразия-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Адай «Ғұмыр» кітабының қазақша нұсқасын аудару және басып шығару тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл жұмыс тілдің шекарасын кеңейтіп, әлемге қытай мәдениетін тереңірек таныстыруға мүмкіндік береді.

Еуразия ұлттық университетінің қытай философиясы кафедрасының меңгерушісі Ақбарқан Дәулетәлі «Ғұмыр» романының ең басты әдеби құндылығы қауым басына төнген қатерге жанын шүберекке түйіп қарсы аттануы деп есептейді. Қазақ тіліне аудару барысында қазақстандық тілдік нормалармен үндескен, түпнұсқа мәтіннің стилі сақталған. Сондай-ақ мұндағы мазмұны бай, бедері айшықты көркем өрнектер әдебиет сүйер қауым мен қарапайым оқырманды өзіне теңізге сүңгігендей тарта түседі. Баспа басшысы қазақстандық оқырмандардың қытай әдебиеті мен мәдениетін түсінуі үшін қытайдың көрнекті әдеби шығармалары қазақ тіліне молынан аударылса деп тілейді.

Қытайдың Женминь (Халық) университетінің гуманитарлық ғылымдар институты деканының орынбасары, сыншы Ян Цинсян Ху Сюэвэньнің «Ғұмыры» ХХ ғасырдағы қытайлықтардың жан дүниесі мен тұрмыс-тіршілігін терең және кең ауқымда суреттейді. Адам ғұмырын өзек ету арқылы олардың арасындағы қарым-қатынастың күрделілігін баяндайды.

«Ғұмыр» 2021 жылдың қаңтарында жарық көрді. Жазушы Ху Сюэвэнь туындысын жазуға 8 жылдан астам уақытын жұмсаған. Кітап 600 000-ға жуық қытай иероглифінен тұрады. Жарияланғаннан кейін ол 2021 жылы түгелдей дерлік отандық әдеби сыйлықтарды жеңіп алды.

Қазіргі уақытта «Ғұмыр» әлемнің 20-дан астам елі мен аймақтарындағы баспалардың назарын аударып отыр. Ағылшын, неміс, француз, орыс және испан сияқты елдердің 14 тілінде басылды. Осы жылдың сәуір айында Лондон кітап жәрмеңкесінде және Еуразия Халықаралық кітап жәрмеңкесінде «Ғұмырдың» ағылшын және қазақ тілдеріндегі нұсқасының ауқымды тұсаукесері өтті.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото