Қазақстандық азамат Ш.Алдабергенов: «Мен екінші туған қалама оралдым»

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 2 қараша

2 қараша, онлайн «Халық Газеті» -- 18 жастағы қазақстандық жас Шади Алдабергенов биыл Цинхуа университетінің биология ғылымдары факультетінің бірінші курс студенті атанды.

Өзін «Бейжіңнің жергілікті тұрғыны» санайтын Шади қытай тілінде еркін сөйлейді. «Бұл менің екінші туған қалам», - дейді ол.

2006 жылы 2 жасында Ш.Алдабергенов Қытайдың Бейжің қаласына оқуға келген ата-анасымен бірге, балалық шағын осы қалада өткізеді.

2014 жылы Шадидың отбасы Қазақстанға оралды. Осыдан кейін ұзақ уақыт бойы Қытайдың әдет-ғұрыптары, мысалы, көктем мерекесінде орындалатын салттар, айдаһар қайық жарысы және Айкүлше жеу сияқты дәстүрлер Шади үшін тамаша естелікке айналды.

Қазақстанға келгеннен кейін Шадидың анасы Қазақстан-Қытай саудасымен айналысып, жыл бойы екі ел арасында қарым-қатынас жасап тұрды. Ш.Алдабергенов «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ілгерілеуімен Қазақстан мен Қытай бір-бірімен тығыз байланыста бола бастағанын байқайтынын айтты: «Екі ел арасында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы және құрылыс инфрақұрылымында Қытай мен Қазақстанның өзара бөлісуге болатын көптеген технологиялары мен тәжірибелері бар».

Отбасының кеңесі бойынша Шади Қытайда оқу мақсатын ерте ойластыра бастады. Оның пікірінше, Қытай - қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті зор ел.

2015 жылы Шади қытай тілін үйрену үшін Қазақстандағы Конфуций институтына оқуға түседі. Осы кезеңде ол «Қытай тілі көпірі» байқауына қатысып, үздік нәтижеге қол жеткізеді.

Цинхуа университетіне тапсыру кезінде, бала кезінен биологияға қызығушылық танытқан Шади Алдабергенов биология ғылымдары мамандығын таңдайды: «Қытайда биология, фармацевтика және басқа да ғылыми-технологиялық салалар қарқынды дамып келеді, болашағы жарқын», - дейді ол.

Біраз жылдан соң Шади өзіне бала кезінен таныс Бейжіңге келеді.

Шади енді ғана университетке түссе де, болашақта оқуын магистратурада жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Қытайда әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіби мамандар мен жетекші компаниялар жұмыс істейді. Оқуды бітіргеннен кейін мен осында біраз уақыт жұмыс істегім келеді. Болашақта алған білімімді туған жерімнің нақты қажеттілігіне жарату үшін Қазақстанға ораламын»,- дейді Шади Алдабергенов.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото